Тарихи өлкетану » ГККП «Центр детско-юношеского туризма и краеведения»
"Жетісу облысы білім басқармасының
Текелі қаласы бойынша білім бөлімі"мемлекеттік мекемесінің
"Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы"
мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны
Қабылдау бөлімі :
+7(7283) 54-42-61
Есепші бөлімі:
+7(7283) 54-42-64
Нашар көрушілер
нұсқасы
01
апрель
2022

Тарихи өлкетану

 Тарихты білу ең алдымен өзіңнің туған өлкеңді танудан басталады. Сондықтан, «өлкетану» дегеніміз – туған өлкені жан-жақты зерттеп білу болса, сол өлкені зерттеумен айналысатын адамды – «өлкетанушы» деп атаймыз. Өйткені, өлке тарихы ел тарихымен және белгілі бір өлкеде өмір сүретін халықтың ана тілімен тығыз байланысты. Демек, туып-өскен жерін, ана тілі мен салт-дәстүрін қастерлеп, құрмет тұту әрбір ел азаматының бұлжымас міндеттерінің бірі болып саналады. Туған өлке тарихын оқып үйренерде әрбір адам ең алдымен өзінің туып-өскен жерінің тарихи-географиялық орнын, алып жатқан жер аумағы мен табиғат жағдайларын білуі тиіс. Өйткені, отанымыздың әрбір ауданы мен түкпір-түкпірінде көптеген тарихи ескерткіштер бар. Ал, мұндай ескерткіштерді қамқорлыққа алып, күте білу және олардың сақталуын қадағалау біздің басты парызымыз.

Халық арасынан шыққан өлкетанушылар туған өлкелерінің тамаша білімпазы болған. Олар өздерінің тарихи-географиялық білімдерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Ерте замандардан өлкетанушылар өз халқының мәдениеті мен тарихын сақтап, өсіп келе жатқан ұрпақты отанға деген сүйіспеншілікке жетелеген. Сондай-ақ, қазақ халқы жер-су атаулары мен олардың қасиеттерін, ата-бабаларының көне қорымдары мен зираттарын қадірлеп, шежіреші адамдар мен көнекөз қарттарға аса үлкен құрмет көрсете білген. Ал, өлкетанушыларға көнекөз қариялардың берер көмегі зор. Өйткені, олар туған өлке тарихы, халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі туралы қызықты жайттарды ауызша баяндап береді. Одан кейін өлкетанушылар нақты дәлелдер мен мысалдар келтіре отырып әрбір өлкенің тарихын жазып шығуға қол жеткізеді. Сондықтан, өлкетанушылар ең алдымен көне көз қариялармен сөйлесіп, дерек жинауы керек.

Өлкетанушылар көбінесе ауылдық жерлерден тарихтың ежелгі кезеңіне қатысты заттар мен бұйымдарды жиі тауып жатады. Сонымен қатар, бұл туралы археолог-ғалымдарға хабарлауды да ұмытпайды. Нәтижесінде, археологтар ол жерге қазба жұмыстарын жүргізіп, бұрын беймәлім болған ежелгі қоныстар мен қалашықтарды табады. Сөйтіп, мұндай жерлерден табылған тарихи ескерткіштер мен заттай деректер негізінде әрбір аймақта «өлкетану мұражайы» ашылады. Өлкетану мұражайына келген адамдар сол өлкенің тарихы және тыныс-тіршілігінен толық хабардар болып, өлке тарихына деген ризашылық сезіммен қайтары анық. Сондықтан, әрбір адамның өзінің туған жері жайлы жинаған мәліметтері өлкетану ғылымына қосылатын зор үлес болып табылары сөзсіз.

Өлкетану – тарих ғылымының археология, ономастика, мұрағаттану тәрізді салаларымен тығыз байланысты. Мәселен, әрбір өлкедегі жер-су аттары, ру-тайпа және адам есімдері бекерге қойылмайды, олардың әрқайсысының өз тарихы мен мән-мағынасы бар. Сондықтан, мұндай атаулардың тарихын зерттейтін ғылым саласын – «ономастика» деп атаймыз. Сондай-ақ, адамзат баласының даму үрдісінде тарихи география мен тарихи демографияның алатын орны ерекше. Оның бірінде, адамзат тарихының ежелгі кезеңдерден бері қарайғы дамуында қалыптасқан табиғи орта қарастырылатын болса, екіншісінде, әрбір тарихи кезеңдерге қатысты халықтардың саны, өсуі мен азаюы зерттеледі.

Сондай-ақ, өлке тарихын зерттеуде аса маңызды рөл атқарып, тың деректер негізінде құнды мәліметтер беретін бірден-бір орын – «мұрағат» болып табылады. Ал, мұрағаттарда көне заманнан бері жинақталған тарихи құжаттарға тыңғылықты әрі жүйелі түрде ғылыми зерттеу жүргізетін болса, тарих ғылымы үшін баға жетпес аса құнды мәліметтерге қол жеткізуге болады.

Похожие публикации:

18 февраль 2022 велотуризм
18 февраль 2022 Тау туризмі
Мекен жайымыз
Алматы облысы, Текелі қаласы, МУХТАР АУЭЗОВ көшесі, 15 үй

©2022, Ресми сайт Алматы облысы білім басқармасының Текелі қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны
Барлық құқық қорғалған "Интерактивті мектеп" жобасы. Техникалық қолдаушы "Internet service" +77075327722,tangatarov13@mail.ru